Марғұлан Әлкей Хақанұлы (11. 5. 1904, Павлодар обл. Баянауыл ауд. – 12.1. 1985, Алматы) – ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы. Бүкілодақтық геог. қоғамының толық мүшесі (1933), филол. ғыл. докт. (1945), Қазақстан ҒА акад. (1958), Қаз КСР-інің еңб. сің. ғылым қайраткері (1961). Бастапқы білімді ауыл мектебінен алды. Павлодар қ-ндағы мұғалімдер курсын бітіріп, туған ауылында мұғалім болып істеді. 1921-25 ж. Семей пед. техникумының студенті бола жүріп, «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет атқарды. Осы жылдары ол М. Әуезовпен, М. Жұмабаевпен танысты. 1925-29 ж. Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыстану ин-тының түркітану және тарих-филология ф-ттерінде қатар оқыды. 1926-27 ж. Ә.Х. Марғұлан КСРО ҒА-ның акад. А.Е. Ферсман мен проф. С.И. Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археол. және этногр. экспедицияларының жұмысына қатынасты. Экспед. кезінде Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет жасады. Ә.Х. Марғұлан 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 ж. Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап, орыс геогр. қоғамы архивіндегі Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғыл. дәйекті тұжырымдар жасады. 1976-84 ж. Қазақстан ҒА этнография бөлімінің аға. ғыл. қызметкері болды. Ғалым 40-жылдардың аяғында бірнеше рет саяси қудалауға ұшырады, кейін де ұдайы саяси бақылауда болды, ғыл. ортаның кейбір қисынсыз сындарына ұшырады. Ә.Х. Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнері) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғыл. зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопед. мақалалар жазды, сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Оның ғыл. еңбектерінің бірқатары шетел тілдеріне аударылды. 1991 ж. Ш.Уәлиханов атынд. Тарих, археология және этнография ин-тындағы археол. орт-тың негізінде Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология ин-ты құрылды. Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Оңт. Қазақстан обл-нда, Баянауыл, Екібастұз аудандарында бірнеше көшелер, мектептер Ә.Х. Марғұлан есімімен аталады. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүз. деңгейде аталып өтті (2004). 1967 ж. Қазақстан ҒА-ның Ш. Уәлиханов атынд. сыйл. , 1982 ж. Қазақстан мемл. сыйл. алды. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», Ленин ордендерімен және медальдармен марапатталған.