A+ A A-

ОЛЖАБАЙ БАБАНЫҢ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

    Ел тарихында елеулi iз қалдырған, ержүрек батыр, қазақ халқының азаттық жолындағы күрескер тұлғаларының бiрi – Олжабай батыр.

    Ол Жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске белсене қатысқан, есімі Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Жанатай, Жасыбай т.б. қазақ батырларымен қатар аталған. Олжабай Абылай ханның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттеріне елеулі үлес қосқан. Түркістан медресесінде оқып, араб, қалмақ тілдерін жетік меңгерген.
    Олжабайдың ерекше мерген, әйгілі шешен баласы – Дулат би. Оның Арыстанбай, Ақболат, Марғұлан атты ұлдары болған. Марғұланнан – Асқар, Қожахмет, Рахмет, Хақан туады. Хақан – ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның әкесі. Хақаннан – Мәди, Әлкей, Маусым, Адаш дүреген. Мен осы Хақанның кіндігінен тараған Адаштың ұлымын.
    2013 жылдың қазан айының соңында Олжабай Толыбайұлының 300 жылдығына орай Павлодар мемлекеттік университетінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Осы конференцияға бабадан тараған ұрпақтың бірі ретінде мен де қатысып, ой-пікірімді білдірген болатынмын.

    Сан ғасырдан тамыр тартатын тарихымыз жөнінде толғамды ой айту қай кезде де қиын. Ол үшін ата-бабадан қалған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Абылайдың ақ жолы» сынды ұлтқа ұстын болар ұғымдардың тереңіне үңілу қажет-ақ.

    Осы бір алтын арқау Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нұрлы жолымен жалғасып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болғаны рас. Осының арқасында өткенімізді әділ таразылап, ұлт қайраткерлерінің шынайы бет-бейнесін сомдауға мүмкіндік алдық.

    Бұл істе Қарағанды облыстық әкімдігі мен жұртшылығы тізе қосып, Олжабай батырға арнап Бұқар жырау ауданында ескерткіш қойып, тұғыр бекітуі – игі шаралардың бір парасы ғана.

    «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дейді халық даналығы. Қазақ ұлтының басына қаралы бұлт үйірілгенде, жері үшін жандасып, елі үшін егескен ерлердің бірі Олжабай Толыбайұлы болатын. Халқымыздың дарынды перзенті Ш.Уәлиханов қазақ-қалмақ соғыстарына байланысты айтқанда: «Абылай ғасыры – қазақ ерлігінің ғасыры еді», — дейді. Аты аңызға айналған Абылай ханның «Олжабай есен болса – ел аман» деуі батыр бабамызға деген нық сенім мен айрықша құрметті білдіріп тұрғандай. Осы ретте, әйгілі қаһарман жөніндегі дерек көздеріне үңіле отырып, батыр бабамыздың ерлігіне қатысты мынандай мәселелерді де ерекшелей айтуды жөн санадым.

    Біріншіден, Олжабай бабамыздың есімін ерекшелейтін жоңғар соғысындағы басты белгі – анық ту ұстаушы болғандығы. Ту кез келген жауынгерге берілмейтіндігі аян. Үлкен шайқаста ту ұстаушыны қолға түсіру үшін екі жақ та жанталасады. Қиын сәттегі қауіп пен қатер жүгінің жеңіл емес екендігін сезініп, сертке берік екендігін дәлелдеу оңай іс емес. Ал Олжабай болса, алғашқы соғысқа Қаратай батырдың туын ұстап кіріп (18 жасында) сенімді ақтаумен қатар дұшпанның ту ұстаушысын мерт етеді.
    Екінші, Абылай хан бастаған қалың қол Қалден-Церенге қарсы аттанғанда да, Олжабай батыр Абылайдың сары ала туын алып, қамалға ат қояды. Қолының қоспасына оқ тигеніне қарамай туды ешкімге берместен, кейінге де шегінбестен қақпаны бұзып, қамалға жол салады. Бұл ерлік ауыз әдебиетінде және Сақау ақынның толғауында айтылады:

    Олжабай орта жүзге ту ұстаған,

    Балапан тұйғын құстай құныстанған.

    Қолының қоспасына оқ тисе де,

    Ту ұстаған жерінен жылыспаған,

    — дейтін өлең шумақтары өшпес ерліктің өнегесін көрсетеді.

    Үшінші, жоңғарларға қарсы қанды соғыста асқан ерлік көрсеткен батырлардың есімі елдің аузындағы ұранға айналған. Халық қаһармандары — Бөгенбай, Қабанбай қатарына «Он сан орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген атақ хандар тарапынан берілген. Бұл атақты Олжабай бабамыз Түркістанды жоңғарлардан азат ету жолындағы күресте алғаны анық. Батыр бабаның ұлы даланың ұраншы ұланына айналғанын тарихи аңыз әңгіме, өлең-жырлар қалыс қалдырмай, орынды мақтан етеді.
    Төртіншіден, Олжабай батырдың қаһармандығы көзі тірісінде халық ақындарының жырларынан ойып тұрып орын алды. XVIII ғасырдағы аса ірі тұлға Бұхар жыраудың толғауларында да Олжабай батырдың ерлігі баян болады. Қолбасшы Қабанбай батырға ел атынан сөйлеп:

    Бас-басына батырлар,

    Арнап міндет артамын.

    Ата-аналық ақын бар,

    Алдарына оның тартамын.

    Қара Қабан Қабанбай

    Қайтпа жаудан кек алмай.

    Елің өлді арманда

    Сапарынан келе алмай,

     — дейді.

    Бұдан кейін Бұхар бабамыздың Олжабай батырға қарата сөз саптағанын жыраулар поэзиясының білгірі, белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев: «…Бұхар өз сөзінің ауыр салмағын Олжабай батырға салады. Асылы Олжабай негізгі күш болған, ауыр қолды бастап шыққан қолбасшы болу керек», — деп, орынды бағамдайды.

    Қанды жорық Олжабай,

    Болат тіркеу ордамай.

    Қолды бастап тез аттан

    Ту көтеріп үш жақтан.

    Еркіндігі шабақты,

    Нөсер төгіп садақтан.

    Болат қару тарланым,

    Арыстандай арланым,

    Сен тіріде құламас

    Саралы туы орданың.

    Бесіншіден, Олжабай бабамыздың қолбас-шылығымен ірі шайқастар өткен жерлер сол қанды дәуірдің ескерткіші болып қалған. Соның бірі — Жасыбайдың кегі үшін Олжабай батырдың қалмақтарды ұлардай шулатып, жан шошырлықтай күңіренткен жері — Баянауылдың күн шығысындағы «Қалмақ қырған» тауы.

    Қалдан хан өліп, Жоңғар мемлекетінің хандық тағына таласудың нәтижесінде жеңілген қалмақ шонжарлары Әмірсана, Даваций, Банжурлар Абылай ханға келіп тығылып, пана іздегендері тарихтан белгілі. Қашқындарды шығарып бермедіндер деп, Лама доржа бастаған жиырма мың шүршіт әскері 1752 жылы қыркүйек айында Қазақ жеріне кіргені тағы аян. Міне, жоңғары, шүршіті бар, осындай қалың қолдың өктемдігіне қарсы шығып, оларды ойсырата жеңген жер бүгінде «Шүршіт қырған» деп аталады. Бұл кішігірім жатаған таулар өзіміздің облыстағы бұрынғы Молодежный ауданының күншығысына қоныс тепкен қазіргі Шідерті кентінде.
    Олжабай Толыбайұлының бүкіл өмірі Павлодар облысының Баянауыл және Екібастұз аудандарында өтті. Бабамыздың ерлігі мен батырлығын және ірі қолбасшы болғанын ескеріп, келе жатқан үш жүз жылдығына орай Павлодар қаласынан көше аталса және жатқан жеріне күмбез көтеріліп, ескерткіш орнатылып, ірі жеңіске жеткен жеріне белгі қойылса, аруақ риза болып, елдігіміз асқақтай түсер еді!

    Ел мен жер, қазіргі біздің өміріміз үшін ерліктің шын үлгісі болған осындай бабамызды құрметтеп, есімі мен ерлігін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп білемін.

    Мырзакәрім Адашұлы Хақанов

    Другие материалы в этой категории: « Ұлы ғұлама Марғұлан Ұлылар мұрасын ұлықтаған ғалым »
    JUX Background Video - модуль joomla Книги
    Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық Институты | Маргулан, Алькей Хаканович